Теннис: З.Дияс тағы да А.Кербермен кездесе ме?

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Пекинде теннисте өтіп жатқан ірі халықаралық турнирдің алғашқы айналымында қазақстандық Зарина Дияс өзінен үш саты жоғары тұрған әлемнің 37-інші ракеткасы, чехиялық Клара Кукаловамен шеберлік сынасты.

Теннис: З.Дияс тағы да А.Кербермен кездесе ме?

Жуырда Қытайдың Ухань қаласында өткен сондай жарыста Зарина дәл осы К.Кукаловамен кездесіп, үш партияда жеңген болатын. «Чемпионат. Ком» сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бұл жолы қазақ қызы Клараны екі партияда (6:1, 6:4) тізе бүктірді.

Екінші айналымда Зарина неміс қызы, әлемнің сегізінші ракеткасы Анжелика Кербер немесе австралиялық Кейси Деллакуамен кортқа шығады. Уханьда өткен турнирдің екінші айналымында З.Дияс тартысты кездесуде дәл осы А.Керберге жол берген еді.

Айта кетейік, Пекиндегі турнирдің жүлде қоры 5,4 млн. астам АҚШ долларын құрайды. Оған әлемнің мықты деген теннисшілері қатысуда. Өкінішке қарай, тағы бір қазақстандық Ярослава Шведова бірінші айналымда италиялық Роберта Винчиден үш партияда жеңіліп қалды.