Теннис: З.Дияс тартысты бәсекеде Д.Гантуховаға есе жіберді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таиландтың Паттайя қаласында теннистен өтіп жатқан халықаралық турнирде бүгін Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-інші ракеткасы Зарина Дияс словакиялық Даниэла Гантуховамен шеберлік байқасты.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Зарина кездесуді өте сәтті бастап, бірінші партияда 6:1 есебімен жеңіске жетті. Алайда осы басымдылығын ұстап тұра алмай, қалған партияларда 3:6, 1:6 есебімен ұтылуға мәжбүр болды. Сөйтіп Д.Гантухова биыл Хобарт турнирінде З.Диястан жеңіліп қалғанының есесін қайырды. Жалпы, ол да осал қарсылас емес. 2011 және 2012 жылдары осы Паттайя турнирінің жеңімпазы атанған тәжірибелі ойыншы.
Айта кетейік, бұл жарыстың жүлде қоры - 250 мың АҚШ доллары. Қазақстандық Юлия Путинцева кеше ресейлік Евгения Родинаға жол берсе, еліміздің екінші ракеткасы Ярослава Шведова турнирге қатысудан бас тартты. Сонымен, қазақстандықтар үшін Паттайя корты сәтсіз болды.