ТЕННИС: З.Дияс Токиода, М.Кукушкин мен А.Голубев Санкт-Петерборда өнер көрсетеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілер бірнеше ірі жарысқа қатысуда.
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Жапония астанасы Токиода басталған әйелдер арасындағы турнирдің алғашқы айналымында Қазақстанның әрі Азияның бірінші ракеткасы Зарина Дияс америкалық Мэдисон Бренглмен кездеседі. Бұл жарыстың бірінші ракеткасы даниялық Каролина Возняцки болса, турнирдің өткен жылғы жеңімпазы, сербиялық Ана Иванович, сондай-ақ испаниялық Гарбин Мугуруса, поляк қызы Агнешка Радваньска, неміс Анжелика Кербер сияқты мықтылар бар. 27 қыркүйекте мәреге жететін бұл турнирдің жүлде қоры - 881,1 мың АҚШ доллары. Өткен аптада осы қаладағы жарыстың екінші айналымына дейін жеткен З.Дияс дүйсенбі күні жаңартылған рейтингте екі сатыға жоғарылап, 41-інші орынға көтерілген болатын.
Қытайдың Гуанжчоу қаласында өтіп жатқан жарыста (жүлде қоры - 226 750 АҚШ доллары) тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева алғашқы бәсекеде румыниялық Моника Никулескумен шеберлік байқасады. Ал Сеул қаласындағы турнирде (жүлде қоры - 426 750 доллар) Ярослава Шведова америкалық Кристина Макхэйлмен кортқа шығады.
Әйелдер Азияда бақ сынап жатса, ерлер Еуропада өнер көрсетуде. Бұл ретте Санкт-Петербор турнирі теннис сүйер қауымның назарын ерекше аударып отыр. Ұйымдастырыла бастағанына 20 жыл толған бұл жарыстың жүлде қоры алғаш рет 1 млн. АҚШ долларынан асып отыр. Қатысушылар да осал емес. Солардың қатарында қазақстандықтар Михаил Кукушкин мен Андрей Голубев бар. Әсіресе, бұдан бес жыл бұрын осы жарыстың жеңімпазы атанған М.Кукушкинге қазақстандықтардың көбірек үміт артуы заңды. Оның бірінші қарсыласы - өзбекстандық Денис Истомин. Ал іріктеу сайыстарынан өтіп, негізгі турнирге қосылған А.Голубевке германиялық Бенджамин Беккер қарсы тұрмақ. Егер қазақстандық теннисшілер қарсыластарын тізе бүктірсе, екінші айналымда өзара кездеседі.
Францияның Мец қаласындағы турнирде (жүлде қоры - 439 405 АҚШ доллары) тағы бір қазақстандық Александр Недовесов канадалық Вашек Поспишилден айласын асыруға тырысып көрмек.
Айта кетейік, осы жарыстарда сәтті ойнаған теннисшілердің рейтингісі де көтерілері анық.