ТЕННИС: З.Дияс Уханьда Сеул турнирінің жеңімпазы И.Бегумен кездеседі
Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, И.Бегу осы жексенбіде Сеулде аяқталған жарыстың жеңімпазы атанды. Ол финалда белорус қызы Александра Сасновичті 6:3, 6:1 есебімен оңай жеңді. Сөйтіп 25 жасар теннисші өзінің спорттық ғұмырында екінші рет ірі жеңісіне қол жеткізді. Бұдан бұрын ол 2012 жылы Ташкент турнирінде озық шыққан еді. Осыған дейін әлемдік рейтингте 29-орында келе жатқан И.Бегу Сеулдегі табысынан кейін енді үш сатыға жоғарылайды.
Жүлде қоры 2,2 млн. АҚШ долларынан асатын Ухань жарысына әлемнің бірінші ракеткасы, америкалық Серена Уильямстен басқа мықтылардың бәрі қатысуда.
Еске сала кетейік, бұған дейін И.Бегу мен З.Дияс үш мәрте кездесіп, оның екеуінде румыниялық теннисші жеңіске жеткен. Биыл Нью-Хэйвен турнирінде И.Бегу қазақ қызын 7:5, 5:7, 6:2 есебімен тізе бүктірген болатын.