Теннис: З.Дияс үшін Осака артта қалды, алда - Сингапур
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс үшін өткен апта сәтті болды.
Осакада өткен халықаралық турнирде финалға дейін жеткен Зарина австралиялық теннисші, осы жарыстың үш дүркін, 2011 жылғы АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы Саманта Стосурға жол берді. Мұнда, әсіресе, бірінші партияда қазақ теннисшісі атақты спортшымен терезесі тең ойын өрнегін көрсетті. Кездесуден кейінгі сұхбатында С.Стосур Заринаның бастапқыда аса батыл ойнағанын, әр ұпай үшін күресіп, оның шабуылына төтеп беруге тура келгенін атап өтті. Сондай-ақ, Саманта өзімен бұрын шеберлік байқаспаған Заринаның жақсы ойыншы екендігін мойындап, оның не себептен жаңадан шығып келе жатқан жас жұлдыз аталып жүргенін түсінгенін айтты. Финалдан кейінгі марапатта З.Диястың Самантадай атағы жер жарған ойыншымен қатар тұруының өзі бұрын қол жетпеген нәтиже еді.
Осака турниріндегі табыстан кейін Заринаның әлемдік рейтингте жоғары көтерілері анық. Өткен аптада 1290 ұпаймен 37-інші орында тұрған З.Дияс оған тағы 180 ұпай қосты. Біздің есебімізше, осы дүйсенбіде ол 1470 ұпаймен 35-інші сатыға көтерілуі тиіс. Себебі осыған дейін одан жоғары, 1317 ұпаймен 36-ыншы орында келе жатқан жапондық Куруми Нара Осака турниріне қатыспай қалды. 35-інші сатыдағы швейцариялық Белинда Бенчич болса, өткен аптада Қытайдың Тяньцзинь турнирінде финалға дейін жеткендіктен, ол Заринаның алдында болуы мүмкін. Ал 35-інші сатыдағы (1327 ұпай) франциялық, тегі испандық Каролин Гарсия Австрияның Линц қаласындағы осындай жарыстың бірінші айналымында-ақ жаңазеландиялық Марина Эраковичтен жеңіліс тапты. Яғни Зарина Куруми Нара мен Каролин Гарсияны басып озып, 35-інші орынға тұрақтауы әбден мүмкін.
Енді Заринаның алдында тағы бір үлкен сын тұр. Ол Сингапурде 17-21 қазанда өтетін жас жұлдыздардың финалдық бәсекесіне қатысады. Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жариялаған дауыс беру нәтижесінде (оған әлемнің 140 елінен 700 мыңнан адам қатысқан) Азия-Тынық мұхит аймағынан З.Дияс пен қытай қызы Чжэн Сайсай, әлемдік топтан пуэрторикандық Моника Пуиг пен америкалық Шелби Роджерс жеңімпаз атанды. Осы төрттіктің ең үлкені Ш.Роджерс 22 жаста, М.Пуиг одан бір жас кіші. Қытай қызы жиырмада. Ал Зарина осы аптада, яғни 18 қазан күні 21 жасын Сингапурде атап өтеді. Ендеше, Қазақстанның бірінші ракеткасына сәттілік тілейік.