ТЕННИС: З.Диястың жеңісті жолын Ю.Путинцева жалғады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда кеше басталған Уимблдон турнирінде қазақстандық, әлемнің 95-інші ракеткасы, 20 жасар Юлия Путинцева өзінен жеті жас үлкен жаңазеландиялық, дүниежүзілік рейтингте 86-ыншы орында тұрған Марина Эраковичпен күш сынасты.

ТЕННИС: З.Диястың жеңісті жолын Ю.Путинцева жалғады

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, тартысты өткен бірінші партияда тай-брейкте Ю.Путинцева 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті. Екінші партия 7:5 есебімен қазақстандық теннисшінің пайдасына шешілді. Екінші айналымда Юлия атақты американдық, Серенаның апасы, осы турнирдің 16-ыншы ракеткасы Винус Уильямспен шеберлік байқасады. Ол тағы бір американдық Мэдисон Бренглді бет қаратпай, 6:0, 6:0 есебімен тізе бүктірді. Айта кетейік, Уимблдон турнирін жеңіспен бастаған Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс екінші айналымда белоруссиялық Александра Сасновичпен кездеседі. З.Дияс бірінші айналымда әлемнің 24-інші ракеткасы, итальяндық Флавия Пеннеттаның меселін қайырса, А.Саснович қытайлық Чжу Линьді 4:6, 7:5, 6:1 есебімен үш партияда ұтты. Австралиялық Кейси Деллакуамен бірге жұптық сайыста турнирді сәтті бастаған тағы бір қазақстандық Ярослава Шведова жекелей сында хорватиялық Мирьяна Лючич-Баронимен кортқа бүгін шығады.