Теннис: Зара Дәркен Париждегі турнирді жеңіспен бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зара Дәркен Парижде Tennis Europe сериясы аясында жасөспірімдер арасындағы бірінші санаттағы Open Stade Français турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Зара Дәркен Париждегі турнирді жеңіспен бастады

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, аталмыш жарысқа әлемнің түрлі елдерінен 14 жасқа дейінгі мықты ойыншылар қатысуда.

Кезінде осы додада Симона Халеп, Жустин Энен, Онс Жабер, Стефанос Циципас, Хуан Мартин Дель Потро, Григор Димитров, Фабио Фоньини және басқа теннис жұлдыздары чемпион болды.

Зара жеребе бойынша бірінші айналымда бос болды. Екінші кезеңде ол франциялық Северин Деппнерді 6:0, 7:5 есебімен тізе бүктірді.

З.Дәркен ширек финалға шығу үшін америкалық Эддисон Комискимен таласады.

Тағы бір қазақстандық Даниэль Тазабеков Анкарада 14 жасқа дейінгілер арасында өткен екінші санаттағы «Tennis Europe» турнирінің жеңімпазы атанды. Ол финалда осы жарыстың 3-ракеткасы, түркиялық Али Садиді 6:0, 6:2 есебімен ұтты.

Бұл – оның спорттық жолындағы тұңғыш титулы. Осыған дейін Д.Тазабеков екі финалға дейін жетіп, шешуші бәсекеде жеңіліп қалған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Италиядағы турнирдің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.