Теннис: Зарина Дияс АҚШ-тағы турнирдің финалында есе жіберді
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 78-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы Мэдисон Бренглмен бас жүлдені сарапқа салды.
Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде Зарина жеңіске жеткен екен.
Бұл жолы бірінші партияда М.Бренгл 6:4 есебімен басымдылық көрсетті.
Екінші сетте З.Дияс дәл сондай есеппен қарымта қайырды.
Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте Бренгл брейк жасап, алға кеткенімен, Зарина сол бойда таразы басын теңестірді – 3:3. Бұдан кейін де қарсыластар брейк алмасты. Ақыры америкалық теннисшінің жолы болды – 6:4.
Тартысты бәсеке 2 сағат 38 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің елордадағы жарыстың жеңімпазы атанғанын, Зарина Диястың АҚШ-тағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Қарағандыдағы турнирдің чемпионы атанды.