ТЕННИС: Зарина Дияс әлемнің 24-інші ракеткасын ұтты
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін «үлкен дулығаның» бірі - Уимблдон турнирінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс алғашқы кездесуін өткізіп, жеңіске жетті.
Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Зарина әлемнің 24-інші ракеткасы, итальяндық Флавия Пеннеттаны бірінші партияда 6:3 есебімен ұтты. Екіншісінде 2:6 есебімен есе жібергенімен, үшінші, шешуші партияда 4:0 есебімен алға шықты. Бұдан кейін Ф.Пеннетта үш геймді қатар өз есебіне жазды. Дегенмен Зарина өз басымдылығын сақтап, қарсыласын 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Екінші айналымда З.Дияс қытайлық Чжу Линь немесе белорус қызы Александра Сасновичтің қай жеңгенімен кортқа шығады.
Бүгін сондай-ақ тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева жаңазеландиялық Марина Эраковичпен шеберлік байқасады.
Айта кетейік, бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте З.Дияс өзінің 34-інші орнын сақтап қалды.