Теннис: Зарина Дияс Бейжіңде іріктеу сайысының финалына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Бейжің турнирінде іріктеу сайысының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 92-інші орында тұрған қазақстандық спортшы іріктеу сайысының жартылай финалында әлемнің 82-інші ракеткасы, румыниялық Моника Никулескумен күш сынасты.
Аса тартысты өткен матчта бірінші сетте Зарина Дияс тай-брейкте 7:6 (7:4) есебімен жеңіске жетті. Екінші партияда М.Никулеску 6:3 есебімен есе қайырды.
Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші басымдық көрсетті - 6:4.
Кездесу 2 сағат 22 минутқа созылды.
З.Дияс негізгі турнирге жолдама алу үшін рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған ұлыбританиялық Хитер Уотсонмен шеберлік байқасады. Ол жартылай финалда осы іріктеу сайысының 6-ыншы ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 62-інші орындағы америкалық София Кенинді 6:3, 4:6, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетейік, іріктеу сайысының 2-ші ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 45-ші сатыда тұрған тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева Қытай елінің өкілі Сюй Ифаньмен кортқа шығады. Оны ұтса, америкалық Кристина Макхейл немесе поляк қызы Магда Линеттің қай жеңгенімен негізгі турнирдің жолдамасын сарапқа салады.
Әлемнің бірінші ракеткасы, румыниялық Симона Халеп сынды мықтылар қатысатын Бейжің турнирі 7 қазан күні мәреге жетіп, жеңімпаз анықталады.