Теннис: Зарина Дияс Индиан-Уэллс турнирінде Серена Уильямске жол берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Индиан-Уэллсте (АҚШ) өтіп жатқан ірі халықаралық турнирдің алғашқы айналымында Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-інші ракеткасы Зарина Дияс атақты америкалық Серена Уильямспен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. 

Теннис: Зарина Дияс Индиан-Уэллс турнирінде Серена Уильямске жол берді

Бұған дейін дүниежүзілік рейтингте көш бастап, «Үлкен дулыға» турнирін 23 мәрте ұтқан С.Уильямстің өткен жылы сәбилі болғаны белгілі. Бұл оның кортқа оралғаннан кейінгі бірінші кездесуі болатын. Турнир АҚШ-та өтіп жатқандықтан, оны жақтайтын көрермендердің көп болуы заңды еді.
С.Уильямстің өзінің бай спорттық жолында (ол барлығы 72 жарыстың чемпионы болған) алғаш ұтқан турнирлерінің бірі осы Индиан-Уэллс еді. Ол 1999 жылы 17 жасында финалда атақты германиялық теннисші Штеффи Графты жеңген еді.

Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы мен қазақстандық теннисші арасындағы матч, әсіресе, Зарина доп берген кезде тартысты өрбіді. Бесінші геймде қазақстандық теннисші Серенаның төрт бірдей брейк-понтты пайдалануына мүмкіндік берген жоқ. Есеп 5:5 болған кезде С.Уильямс брейк жасап, алға шықты. Бұдан кейін өзі доп берген мезетте үшінші сетболын пайдаланған америкалық теннисші бірінші партияда 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Екінші партияда қайта брейк жасаған Серена 2:1 есебімен алға шықты. Дегенмен қарсыласы доп бергенде қарымтасын қайтара білген Зарина таразы басын теңестірді. Әйтсе де бұдан соң америкалық теннисші тағы бір брейкке қол жеткізді. Зарина да қарап қалмай, есепті теңестіргенімен, өзі доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана алмады. Сөйтіп тағы бір брейк жасаған Серена 6:3 есебімен басым түсті. Кездесу 1 сағат 33 минутқа созылды.

Екінші партияда екі мәрте брейк жасаған Зарина өзі доп бергенде, қателеспегенде, кездесу басқаша өрбір ме еді, кім білген.

Жүлде қоры 8,6 млн АҚШ долларынан асатын, «Үлкен дулыға» турнирлерінен кейінгі ең айтулы дода болып есептелетін Индиан-Уэллс жарысының екінші айналымында С.Уильямс Нидерланды елінің өкілі, әлемнің 29-ыншы ракеткасы Кики Бертенспен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұған дейін З.Дияс пен С.Уильямстің екі рет жолдары тоқайласқан болатын. Америкалық теннисші 2015 жылы осы Индиан-Уэллс турнирінде 6:2, 6:0, 2016 жылы Майамиде (АҚШ) біршама тартысты өткен бәсекеде 7:5, 6:3 есебімен (бір қызығы, осы есеп биыл да қайталанды) ұтқан еді.