Теннис: Зарина Дияс қытайлық қарсыласын тізе бүктірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Дели қаласында (Үндістан) Федерация кубогы үшін Қазақстан - Қытай матчында кортқа алғашқы болып Зарина Дияс пен Чжаосюань Ян шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Зарина әлемдік рейтингте 55-інші, ал қытайлық теннисші 412-інші сатыда тұрғанына қарамастан, екеуі де өз елдерінің намысы үшін барын салды. Бірінші партияда қазақстандық спортшы 7:5 есебімен басым түсті. 1 сағат 17 минутқа созылған матчтың екінші партиясын да Зарина 6:2 есебімен ұтты.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Зарина Дияс Гонконг және Үндістан құрамаларымен кездесуді де сәтті бастап, қарсыластарын тізе бүктірген еді.
Бүгін екінші кездесуде әлемнің 81-інші ракеткасы Юлия Путинцева дүниежүзілік рейтингте 125-інші орында тұрған Яфань Ванмен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, қазақстандықтар бұдан бұрын Гонконг елінің өкілдерін 3:0, үндістандықтарды 2:1 есебімен ұтқан болатын. Бүгін олар А тобында қытайлықтармен бірінші орын таласуда. Бұл топта жеңімпаз атанған құрама В тобында үздік шыққан командамен ІІ Әлемдік лиганың плей-офф кезеңіне берілетін жолдаманы сарапқа салады.