Теннис: Зарина Дияс Мадрид турнирінде ұтылып қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-інші ракеткасы Зарина Дияс Мадрид турнирінің алғашқы айналымында Пуэрто-Рико елінің өкілі Моника Пуигпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Матч Зарина үшін сәтсіз басталып, дүниежүзілік рейтингте 69-ыншы сатыда тұрған М.Пуиг (ол да биыл З.Дияс сияқты 25-ке толады) екі мәрте брейк жасап, 4:0 есебімен алға шықты. Тек содан кейін ғана қазақстандық теннисші өз геймін алды. Сосын Зарина өзі брейк жасады. Геймін де құр жібермеген ол есепті 3:4-ке дейін қысқартты. Дегенмен Моника бұл партияда есесін жібермей, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Екінші партияда доп беруді бастаған З.Дияс қателесе қойған жоқ. Аса тартысты өткен төртінші геймде бесінші брейк-пойнтты құр жібермеген Зарина есепті 3:1-ге жеткізді. Соңсоң өзі доп бергенде, қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ - 4:1. Тағы бір брейк - 5:1. Дегенмен М.Пуиг та қарап қалмай, брейкке қол жеткізді. Бірақ келесі геймде есесін қайырған Зарина бұл партияда 6:2 есебімен басым түсті.
Үшінші, шешуші партияны М.Пуиг брейкпен бастағанымен, келесі геймде З.Дияс таразы басын теңестіре алды. Алайда Моника қайта екі брейк жасап, өз геймдерін де бермей, 5:1 есебімен алға шықты. Ақыры ол 6:2 есебімен ұтты.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған кездесу барысында қазақстандық теннисші өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады.
Жүлде қоры 7,4 млн АҚШ долларынан асатын Мадрид турнирінің екінші айналымында М.Пуиг әлемнің 10-ыншы ракеткасы, чехиялық Петра Квитова немесе рейтингте 38-інші орында тұрған украиналық Леся Цуренконың бірімен кездеседі.
Айта кетейік, осы Мадрид турнирінде ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 96-ыншы ракеткасы Михаил Кукушкин іріктеу сайысының финалында дүниежүзілік рейтингте 71-інші орында тұрған сербиялық Виктор Троицкимен кездеседі. Оны жеңсе, негізгі жарысқа жолдама алады.