Теннис: Зарина Дияс Манчестер турнирінің жеңімпазы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Ұлыбританияның Манчестер қаласында мәреге жеткен ITF турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
www.myscore.ru сайтынан тікелей көрсетілімде белгілі болғанындай, әлемнің 207-інші ракеткасы З.Дияс финалда дүниежүзілік рейтингте 101-інші орында тұрған сербиялық Александра Круничті 6:4, 6:4 есебімен ұтты.
Сөйтіп, Зарина жүлде қоры 100 мың АҚШ доллары болатын Манчестер турнирінде жеңіс тұғырына көтерілді.
Еске сала кетейік, Зарина жартылай финалда әлемнің 115-інші ракеткасы, ұлыбританиялық Наоми Брэдиді 6:3, 6:4 есебімен жеңген болатын. Кезінде З.Дияс көп ұзамай басталатын «Үлкен дулыға» жарысының бірі - Уимблдон турнирінің төртінші айналымына дейін жеткен еді.