Теннис: Зарина Дияс Мария Шараповаға есе жіберді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Қытайдағы Шэньчжэнь турнирінде ресейлік Мария Шараповамен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Тікелей эфирде көрсеткеніндей, кездесу тартысты өрбіді. Тіпті кей тұстарда Зарина кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған атақты қарсыласынан қаймықпай, терезесі тең дәрежеде өнер көрсете білді. Дегенмен мықтының аты мықты, бірінші партияда есеп 2:3 болып тұрған кезде М.Шарапова брейк-пойнттардың бірін пайдалана білді. Мұндай мүмкіндіктер З.Дияста да болмай қалған жоқ, бірақ одан қазақстандық теннисші нәтиже шығара алмады. Сөйтіп бірінші партияда Мария 6:3 есебімен басымдылық көрсетті.
Екінші партияда ресейлік теннисші үшінші геймде Зарина доп бергенде, тағы бір мәрте брейк жасады. Дегенмен келесі геймде З.Дияс қарымта қайырып, есепті қайта теңестірді. Бұдан кейін өзі доп бергенде, шебер ойнап, 3:2 есебімен алға шықты. Бірақ есеп 3:3 болған сәтте Зарина доп бергенде, өз басымдылығын пайдалана алмаса, керісінше Шарапова брейк жасап, шеберлігін танытты. Бұдан кейін тағы бір брейкке қол жеткізген ресейлік теннисші екінші партияда да 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Бұл - теннисшілердің өзара үшінші кездесуі. 2015 жылы Зарина Аустралия ашық чемпионатында 1:6, 1:6, содан кейін Уимблдон турнирінінің төртінші айналымында 4:6, 4:6 есебімен Марияға есе жіберген болатын. Бұлардың екеуі де - әлем чемпионатымен тең саналатын «Үлкен дулыға» турнирлері. Спорттық жолында мұндай турнирді бес мәрте ұтқан М.Шарапова қазіргі кезде рейтингте 59-ыншы, ал З.Дияс 66-ыншы орында тұр.
Айта кетейік, бүгінгі таңда теннисшілер 15 қаңтарда басталатын Аустралия ашық чемпионатына дайындық ретінде турнирлерге қатысуда. Шэньчжэнь турнирі - сондай жарыстың бірі. Сондықтан Шэньчжэнь турнирінің ширек финалында әлемдегі маңдайалды теннисшілердің бірінен жеңілген Зарина үшін де басты мақсат алдағы «Үлкен дулыға» жарысына тыңғылықты әзірленіп, барынша сәтті өнер көрсету болса керек.