Теннис: Зарина Дияс Монтеррей турниріне қатысады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Монтеррей (Мексика) турнирінде бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған турнирдің алғашқы айналымында қазақстандық спортшы корт иесі Рената Сарасуамен кездеседі.

Осы жарысқа лаки-лузер ретінде шақырту алған Р.Сарасуа дүниежүзілік рейтингте 241-орында тұр. Егер оны жеңген жағдайда З.Дияс Беларусь елінің өкілі, кезінде рейтингте көш бастаған Виктория Азаренко немесе ұлыбританиялық Кэти Бултердің бірімен шеберлік байқасады.

Монтеррей турнирі 7 сәуірде мәреге жетеді.

Бүгін жаңартылған әлемдік рейтингте Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева 38-орынға көтерілді.

Өткен аптада Майами турнирінің төртінші айналымына дейін жеткен Ю.Путинцева қазақстандық теннисшілер Ярослава Шведованың 2010 жылғы және Зарина Диястың 2018 жылғы үздік нәтижелерін қайталаған болатын.

Биыл Майами турнирінің іріктеу сайыстарынан өте алмаған З.Дияс рейтингте 15 орынға төмендеп кетті. Бұрын ол 92-орында тұрса, қазір 107-сатыда. Тағы бір қазақстандық Елена Рыбакина 20 сатыға жоғарылап, 143-орынға көтерілді.

Ерлер арасында Михаил Кукушкин бір сатыға (43-тен 44-ке) кейін сырғыса, Александр Бублик 11 орынға жоғарылады. Қазір 120-сатыда тұрған А.Бублик үздік жүздікке жақындап келеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Майами турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатын.

Юлияны сүріндірген чехиялық Каролина Плишкова финалға дейін жетіп, онда аустралиялық Эшли Бартиден жеңіліп қалды. Дегенмен осы табысының арқасында К.Плишкова рейтингте 7-ден 4-орынға көтерілді.

Соңғы жаңалықтар