Теннис: Зарина Дияс Ноттингем турнирінде US Open чемпионымен кездеседі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Диястың Ноттингем (Ұлыбритания) турниріндегі қарсыласы анықталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Осы турнирдің 7-інші ракеткасы болып тіркелген Зарина алғашқы айналымда австралиялық тәжірибелі теннисші, 2011 жылғы US Open турнирінің жеңімпазы, 34 жасар Саманта Стосурмен шеберлік байқасады.
Қазіргі кезде жасы біразға келіп қалғанымен, С.Стосур осал қарсылас емес, сенбі күні мәреге жеткен «Ролан Гаррос» турнирінің үшінші айналымында ол әлемнің 3-інші ракеткасы, испаниялық Гарбинье Мугурусаға жол берген болатын. Ал З.Дияс екінші айналымда жапониялық Наоми Осакадан ұтылған еді.
Жүлде қоры 250 мың АҚШ доллары болатын Ноттингем турнирі 17 маусымда мәреге жетеді. Бұл көгалдағы теннистен Уимблдон турнирі қарсаңында өтетін спортшылар үшін дайындық жарысының бірі болып есептеледі.
Айта кетейік, Зарина Диястың көгалдағы корттағы көрсеткіштері жаман емес. 2014 және 2015 жылдары қазақстандық теннисші Уимблдон турнирінің төртінші айналымына дейін жетіп, бірінде әлемнің қазіргі бірінші ракеткасы, румыниялық Симона Халептен, екіншісінде атақты ресейлік Мария Шараповадан жеңілген еді. Ал өткен жылы үшінші айналымына дейін бара алды. Биыл да одан кем деңгейде өнер көрсетпеу үшін тыңғылықты әзірлік керек-ақ.