Теннис: Зарина Дияс Рим турнирінде ұтылып қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қазақстандық Зарина Дияс Рим WTA турнирінің іріктеу сайысында жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Зарина Дияс Рим турнирінде ұтылып қалды

Әлемнің 69-ракеткасы З.Дияс рейтингте 110-орында тұрған ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасады.

Зарина биыл 27-ге толатын тәжірибелі теннисші болса, қарсыласы 21 жаста еді.

Бірінші партияда ресейлік спортшы алға шыққанымен, Зарина қуып жетті. Әйтсе де есеп 5:3 болып, сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Ал А.Калинская қатарынан төрт геймге қол жеткізді – 7:5.

Екінші сетте З.Дияс 4:0 есебімен алға кетті. Қарсыласы есепті қысқартуға тырысқанымен, қазақстандық теннисші тағы бір брейкпен түйіндей білді – 6:2.

Үшінші, шешуші партияда А.Калинская 5:1 есебімен алға шықты. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен тәмамдай алды – 6:3.

Тартысты өткен бәсеке 2 сағатқа жуық уақытқа созылды.

Осылайша коронавирусқа байланысты орын алған үзілістен кейін З.Дияс үш бірдей жарыста бірде-бір жеңіске қол жеткізе алмай отыр. Мұның алдында ол АҚШ-тың ашық чемпионаты және Ыстанбұл турнирінің алғашқы айналымынан аса алмаған еді.

Ресейлік теннисші іріктеу сайыстарының финалында испаниялық Алена Большовамен кездеседі. Оны жеңсе, 14 қыркүйекте басталатын негізгі турнирге өтеді.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 90-ракеткасы Михаил Кукушкин ерлер арасындағы Рим ATP турнирінің іріктеу сайысында рейтингте 184-сатыдағы швециялық Элиас Имермен кортқа шығады.

Еске сала кетейік , бұдан бұрын ATP жаңадан қосқан жарыстың бірі Нұр-Сұлтан қаласында өтетінін жазған болатынбыз.