ТЕННИС: Зарина Дияс Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің бірінші айналымында қазақстандық Зарина Дияс Германия елінің өкілі, өзінен екі жас кіші Карина Виттхефтпен шеберлік байқасты.
None
None

Тікелей спорттық көрсетілім арқылы мәлім болғанындай, 36 минутқа созылған бірінші партияда қос бірдей брейк жасаған Карина 6:2 есебімен алға шықты. Екінші сет одан гөрі тартыстырақ өрбіді. Мұнда Зарина қос бірдей брейк жасаса, қарсыласы біреуіне ғана қол жеткізді. 43 минутта аяқталған бұл партияда З.Дияс 6:4 есебімен жеңіске жетті. Шешуші, үшінші партия қазақстандық теннисші үшін сәтсіз басталды. Неміс қызы брейк жасап, 1:0 есебімен алға шыққанымен, одан кейін Зарина ойын тізгінін өз қолына алды. Бұл сетте үш бірдей брейк жасаған қазақ қызы 6:2 есебімен ұтты.
Сөйтіп, әлемдік рейтингте 90-ыншы орында келе жатқан З.Дияс екінші айналымда әлемдегі мықты теннисшілердің бірі, осы турнирдің алтыншы ракеткасы, румыниялық Симона Халеппен кездеседі. Бұған дейін Зарина С.Халепті жеңіп көрген емес.
Еске сала кетейік, өткен жылы Ролан Гаррос турнирінде З.Дияс екінші айналымға дейін жетіп, онда бельгиялық Элисон Ван Эйтванкқа есе жіберген болатын.

Соңғы жаңалықтар