Теннис: Зарина Дияс «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемдік рейтингте 99-орында тұрған қазақстандық спортшы алғашқы кездесуін франциялық Одри Албимен өткізді.
Зарина екі партияда да 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке бір сағаттай уақытқа созылды.
З.Дияс екінші айналымда ресейлік, әлемнің 68-ракеткасы Вероника Кудерметовамен кездеседі. Ол әлемнің бұрынғы 1-ракеткасы, даниялық Каролин Возняцкиді тізе бүктірді.
Осының алдында Нюрнберг турнирінің жеңімпазы атанып, рейтингте 39-дан 28-сатыға көтерілген Юлия Путинцева, өкінішке қарай, швециялық Ребекка Петерсоннан ұтылып қалды. Өткен жылы осы жарыстың ширек финалына дейін жеткен Путинцева биыл турнирді ерте аяқтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ролан Гаррос» турнирінің басталатынын жазған болатынбыз.