Теннис: Зарина Дияс Страсбург турнирінің ширек финалына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 53-інші ракеткасы Зарина Дияс Страсбург (Франция) турнирінің екінші айналымында венгриялық Тимея Бабошпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Т.Бабош дүниежүзілік рейтингте Заринадан біраз жоғары, 37-інші сатыда тұр. Екеуі бір жылдың төлі әрі шеберлік деңгейлері шамалас деуге болады.
Тартысты өткен бірінші партия тай-брейкке дейін жетті. Онда қазақстандық теннисші 7:2 есебімен айқын басымдылық көрсетті.
Екінші партияда Т.Бабош 6:4 есебімен есе қайырды.
Үшінші, шешуші партияда Зарина доп беруді бастаған кезде Тимея брейк-пойнтын пайдалана алмады. Бұдан кейінгі геймде З.Дияс үшінші брейк-пойнтын мүлт жібермей, 2:0 есебімен алға шықты. Дегенмен Т.Бабош қайыра брейк жасады. З.Дияс та беріспеді - 3:1. Венгриялық теннисші есепті тағы қысқартты. Зарина қайтадан брейк жасады, сосын өз геймін де құр жібермей, есепті 5:2-ге жеткізді. Содан кейін Т.Бабош доп бергенде, үшінші матчболын сәтті пайдаланып, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Екі сағат 50 минутқа созылған матчта теннисшілердің екеуі де қатты шаршады.
Зарина Дияс жартылай финалға шығу үшін ресейлік қос теннисші Анастасия Павлюченкова немесе Наталья Вихлянцеваның біреуімен кездеседі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші, әлемнің 91-інші ракеткасы Михаил Кукушкиннің Лион (Франция) турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.