Теннис: Зарина Дияс та Дубай турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Дубай турнирінің алғашқы айналымында словениялық Далила Якуповичпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемдік рейтингте З.Дияс бүгін 94-орынға көтерілсе, қарсыласы 85-сатыда еді.

Зарина жүлде қоры 2,5 млн астам АҚШ долларына бағаланған негізгі турнирге іріктеу сайыстарын сәтті өткізгеннен кейін қосылған болатын. Ал Д.Якупович іріктеу сайысының финалында ұтылып қалса да, негізгі жарысқа арнайы шақырту алды.

Тәжірибелі теннисші Д.Якупович 1991 жылғы болса, Зарина одан екі жас кіші еді.

Бірінші партияда есеп 1:1 болып тұрған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасап, алға шықты. Содан кейін өз геймдерін құр жібермей, тағы екі брейкке қол жеткізіп, сетті тәмамдады - 6:1.

Екінші сетте бірден брейк жасаған словениялық теннисші алға шықты - 2:0. Төртінші геймде Зарина төрт бірдей брейк-пойнтты мүлт жіберді - 1:3. Есесіне Д.Якупович тағы бір брейк жасап, өз геймін де алды - 5:1. Тағы да брейк - 6:1.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:1 болған сәтте Д.Якупович брейк жасап, өз геймін де алды - 4:1. Бұдан кейін бапкерінің ақыл-кеңесіне жүгінген Зарина есепті қысқартты - 2:4. Бірақ қарсыласы тағы бір брейкпен матчты қорытындылады - 6:2.

Біршама тартысты өткен бәсеке сағат жарымдай уақытқа созылды.

Словениялық спортшының екінші қарсыласы өте мықты. Далила бірінші айналымда бос болған әлемнің 7-ракеткасы, германиялық Анжелика Кербермен шеберлік байқасады.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Михаил Кукушкин Францияда Марсель турнирінің (жүлде қоры - 668 485 еуро) алғашқы айналымында рейтингте 61-орында тұрған америкалық Денис Кудламен кездеседі.

Тағы бір қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингтегі 149-орындағы Александр Бублик Италияда Бергамо челленджер турнирінде бақ сынайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Дубай турниріндегі қарсыластары анықталғанын, одан кейін Юлия Путинцеваның алғашқы айналымнан аса алмағанын, бүгін М.Кукушкиннің үздік елулікке енгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар