Теннис: Зарина Дияс Уимблдон турнирінің үшінші айналымына өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда теннистен өтіп жатқан Уимблдон турнирінде қазақстандық теннисші, әлемнің 130-ыншы ракеткасы Зарина Дияс бүгін дүниежүзілік рейтинтге 166-ыншы орында тұрған австралиялық Арина Родионовамен күш сынасты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Зарина бірінші партияда қарсыласынан 6:4 есебімен басым түсті. Екінші партияда қазақстандық теннисші 1:5 есебімен ұтылып жатып, шеберлік пен қайсарлық таныта отырып, таразы басын теңестіре алды. Бұдан кейін А.Родионова брейк жасап, 6:5 есебімен қайта алға шықты. Дегенмен З.Дияс та беріспей, қайтадан брейкке қол жеткізді. Тай-брейкте қазақстандық теннисші 7:4 есебімен жеңіске жетті.
Үшінші айналымда Зарина дүниежүзілік рейтингте 135-інші орында тұрған хорватиялық Петра Мартич пен әлемнің 107-інші ракеткасы, чехиялық Дениса Аллертованың қай жеңгенімен кездеседі.
Ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстанның - бірінші, әлемнің 118-інші ракеткасы Михаил Кукушкин үшінші айналымға шыға алмады. Ол осы турнирдің 27-інші ракеткасы, германиялық Миша Зверевпен бес партияға созылған шайқаста 1:6, 2:6, 6:2, 6:3, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.
Еске сала кетейік, З.Дияс 2014 және 2015 жылдары Уимблдон турнирінің төртінші айналымына дейін жетіп, онда сәйкесінше әлемнің маңдайалды теннисшілері, румыниялық Симона Халеп пен ресейлік Мария Шараповаға есе жіберген болатын.