Теннис: Зарина Дияс US Open турнирінде әлемнің 8-інші ракеткасымен ойнайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисшілердің АҚШ-тың ашық чемпионатындағы (US Open) қарсыластары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нью-Йорк қаласында 27 тамыз - 9 қыркүйек аралығында өтетін жылдың ең соңғы «Үлкен дулыға» жарысына Қазақстаннан үш бірдей теннисші қатысады.
Ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстанның бірінші,әлемнің 84-інші ракеткасы Михаил Кукушкин алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 135-інші орында тұрған америкалық Ной Рубинмен күш сынасады.
Әйелдер арасында әлемнің 51-інші ракеткасы Юлия Путинцева тағы бір америкалық, рейтингте 94-інші сатыда келе жатқан Бернардо Перамен кездеседі.
Рейтингте 62-інші орындағы Зарина Диясқа жеребе жолдас бола қойған жоқ. Ол әлемнің 8-інші ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковамен кортқа шығады.
Өткен жылы осы турнирде М. Кукушкин үшінші, Ю. Путинцева екінші айналымға дейін жете алса, З. Дияс оған қатыспаған болатын. Биыл теннисшілердің қай-қайсысы да барынша сәтті өнер көрсетіп, көбірек ұпай жинаумен бірге молырақ табыс табуға тырысатыны анық.
Айта кетейік, Зарина Дияс бүгін түнде мәреге жеткен Нью-Хейвен турнирінде жақсы ойынымен көзге түсті. Ол іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп қана қоймай, жүлде қоры 799 мың АҚШ долларын құрайтын негізгі турнирдің алғашқы айналымында әлемнің 32-інші ракеткасы, Грекия елінің өкілі Мария Саккариді тізе бүктірді. Екінші айналымда тағы бір чехиялық, әлемнің 5-інші ракеткасы Петра Квитоваға кәдімгідей қарсылық көрсетті. Үш партияға созылған кездесуде П. Квитова жеңіске жетіп, ширек финалға шыққанымен, содан кейін ол испаниялық Карла Суарес Наварроға жол берді. Наварро болса, финалға дейін жетіп, соңғы сында Беларусь теннисшісі Арина Соболенкодан ұтылып қалды. Бұл - А. Соболенконың WTA турниріндегі бірінші жеңісі.
Осылайша З. Диястың Чехияның қос бірдей мықтысымен жолы тоқайласып отыр.