Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Теннис: Зарина Дияс US Open турнирінің жеңімпазын ұта алмады

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Қазақстандық Зарина Дияс Бейжің турнирінің бірінші айналымында жапониялық Наоми Осакамен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Зарина Дияс US Open турнирінің жеңімпазын ұта алмады

Бүгін жаңартылған дүниежүзілік рейтингте Наоми Осака 8-ден алтыншы, Зарина Дияс 92-ден 91-інші орынға көтерілген еді.

Биыл Н.Осака өзінің спорттық жолындағы ең үлкен табысына қол жеткізді. Ол Жапония қыздары арасында алғаш рет US Open турнирінің чемпионы атанды.

Осыған дейін Н.Осака мен З.Диястың жолдары «Ролан Гаррос» турнирінде тоқайласып, онда жапон қызы басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Н.Осака бір ғана брейк-пойнттың өзін сәтті пайдалана білді. Сосын өзі доп берген сәтте де қателескен жоқ - 6:4.

Екінші сетте жапон теннисшісі бірден брейк жасап, алға шыққанымен, З.Дияс қарымта қайырып, таразы басын теңестірді. Әйтсе де, бұдан кейін Н.Осака қарсыласына дес бермей, есепті 5:1-ге жеткізді. З.Дияс есепті қысқартқанымен, одан әріге шамасы жетпеді. Бұл партияны да Н.Осака жеңіспен аяқтады - 6:3.

Матч 1 сағат 9 минутқа созылды.

Жапон теннисшісі екінші айналымда әлемнің 37-інші ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинзбен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцеваның жүлде қоры 8,2 млн АҚШ долларынан асатын Бейжің турнирінің алғашқы айналымынан аса алмағанын жазған болатынбыз.