Теннис: Зарина Дияс Вашингтон турнирінің ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Зарина Дияс Вашингтон WTA турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 84-орында тұрған З.Дияс екінші айналымда осы жарыстың бесінші, әлемнің 35-ракеткасы, украиналық Леся Цуренкомен кортқа шықты.

Бірінші партияны қарқынды бастаған Зарина 3:0 есебімен алға шықты. Дегенмен қарсыласы да беріспей, 4:5-ке дейін қысқартты. Бұдан кейін Зарина тағы бір брейк жасай алды - 6:4.

Екінші сетті украиналық теннисші брейкпен бастады - 2:0. Зарина да қалыспай, таразы басын теңестіре алды - 2:2. Ақыры З. Дияс матчты тағы бір брейкпен тәмамдады.

Тартысты бәсеке 1 сағат 45 минутқа созылды.

Зарина ширек финалда әлемнің 62-ракеткасы, италиялық Камила Джорджимен күш сынасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Мексикадағы Лос Кабос турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Кукушкиннің ендігі қарсыласы - әлемнің 27-ракеткасы, аргентиналық Диего Шварцман.



Соңғы жаңалықтар