Теннис: Зарина Дияс Ыстанбұл турнирінде жеңіліп қалды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Ыстанбұл WTA турнирінің екінші айналымына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 69-ыншы, осы доданың 7-ракеткасы З.Дияс бірінші айналымда рейтингіде 106-орында тұрған Беларусь өкілі Александра Сасновичпен кортқа шықты.
Бұған дейін АҚШ-тың ашық чемпионатында Зарина бастапқы кездесуінде-ақ ұтылып қалса, қарсыласы үшінші айналымда тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваға жол берген еді.
Бірінші партияда екі брейк жасаған З.Дияс 5:1 есебімен алға кетті. Бұдан соң А.Саснович есепті қысқартқанымен, Зарина өз мүмкіндігін жібермеді - 6:3.
Екінші сетте де қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты – 2:1. Тағы бір брейк – 5:2. Матчқа доп бергенде, қарсыласы брейк жасап, өз геймін де алды – 4:5. Сосын таразы басын теңестірді – 5:5. Зарина болса, матчболдарын пайдалана алмады. А.Саснович ұтылып бара жатып, сетті өз пайдасына жаза білді – 7:5.
Үшінші, шешуші сетте белорус теннисшісі брейкпен алға кетті – 2:0. Қарсыласы тоғыз геймді қатарынан алғаннан кейін ғана Зарина брейк жасай алды – 1:4. Мұнымен еш пайда болмай, қарсыласы матчты жеңіспен тәмамдады – 6:1.
Тартысты бәсеке 2 сағат 24 минутқа созылды.
Зарина А.Сасновичті 2015 жылы Уимблдон турнирінде ұтқан еді.
А.Саснович жүлде қоры 225,5 мың АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін рейтингте 182-сатыдағы словакиялық Анна Каролина Шмидловамен таласады. Ол алғашқы ойынында әлемнің 113-ракеткасы, словениялық, 19 жастағы Кая Юванды 7:5, 1:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
З.Дияс А.Шмидлованы да 2015 жылы Аустралия ашық чемпионатында жеңген болатын.
Ыстанбұл додасында тағы бір қазақстандық Анна Данилина ресейлік Яна Сизиковамен бірге жұптық сында түркиялықтар Айла Аксу мен Ипек Озды 4:6, 6:3, 10:3 есебімен ұтып, ширек финалға өтті. Енді олар жартылай финалға шығу үшін А.Шмидлова және украиналық Катарина Завацкаямен күш сынасады.
Еске сала кетейік, қазақстандық тенннисші Ю.Путинцева US Open турнирінің жартылай финалына шыға алмады.