Теннис: Жібек Құламбаева Үндістандағы турнирдің финалына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Үндістанның Нави-Мумбаи қаласында өтіп жатқан W25 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы доданың 4-ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева латвиялық Диана Марцинкевичпен бірге жарыс барысында екі бәсеке өткізіп, жартылай финалға шыққан еді.
Қазақстандық-латвиялық жұп жартылай финалда жапониялықтар Нахо Сато – Моюка Учижимамен кездесуі керек еді. Алайда қарсыластары кортқа шықпай қалды да, Ж.Құламбаева мен Д.Марцинкевич ойнамастан финалға жолдама алды.
Енді Жібек пен Диана финалда тағы бір қазақстандық Анна Данилина – украиналық Валерия Страховамен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Үндістандағы турнирдің жеңімпазы атанғанын, Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингіде жылды ТОП-15-те аяқтағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Үндістандағы жарыстың финалына шықты.