Теннисші Дмитрий Попко АҚШ-тағы турнирдің 1/8 финалына өтті
ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 161-ракеткасы Дмитрий Попко Таллахасси (АҚШ) челленджер турнирін жеңіспен бастады.

Жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 306-орында тұрған бразилиялық Даниэль Дутра Да Сильваны жолдан тайдырды.
Бірінші партияда Попко 7:6 (7:2) есебімен басым түссе, екіншісінде де есесін жібермеді – 6:4.
Екі сағат 11 минутқа созылған тартысты бәсекеде Попко 8 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Бразилиялық спортшы 3 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.
Дмитрий Попко ширек финалға шығу үшін рейтингіде 239-сатыдағы Люксембург өкілі Крис Родешпен таласады.
Д.Попко қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 154-орынға көтеріліп тұр.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 78-ракеткасы Александр Бублик Мюнхен (Германия) ATP 500 турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады. Ол 2 сағат 23 минутқа созылған тартысты матчта әлемнің 50-ракеткасы, бельгиялық Зизу Бергске есе жіберді – 7:6 (7:5), 4:6, 5:7.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Мюнхен турнирінде камбэкпен екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Михаил Кукушкин Португалиядағы турнирді сәтті бастады.