Теннисші Александр Бублик Мадрид турнирінде ұтылып қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған сербиялық Миомир Кецмановичпен шеберлік байқасты.

Бұған дейін қарсыластар өзара бір рет кездесіп, өткен жылдың қыркүйегінде елорда турнирінде А.Бублик 2:6, 6:3, 7:5 есебімен жеңген еді.

Бұл жолы сербиялық спортшы брейк жасап, бірінші партияны өз есебіне жазды – 6:4.

М.Кецманович екінші сетте де сол қарқынынан жаңылған жоқ – 7:5.

Бір сағат 18 минутқа созылған матч барысында А.Бублик 19 эйс жасағанымен, одан аса көп пайда көре қойған жоқ. Есесіне эйске қол жеткізбеген қарсыласы 7 брейк-пойнттың екеуін мүлт жіберген жоқ.

М.Кецманович екінші айналымда әлемнің 4-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 21 дүркін чемпионы, испаниялық Рафаэль Надальмен ойнайды.

Жүлде қоры 6,7 млн еуродан асатын ірі жарыс 8 мамыр күні мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Е.Рыбакина бүгін швейцариялық Хиль Белен Тайхманмен күш сынасады.


Соңғы жаңалықтар