Теннисші Дмитрий Попко Прага турнирінің жартылай финалына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Дмитрий Попко Чехияда өтіп жатқан Прага 2 челенджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Рейтингте 178-орында тұрған Д.Попко ширек финалда әлемнің 161-ракеткасы, франциялық Артур Риндеркнехпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 0:6 есебімен есе жіберді. Дегенмен одан кейін бар шеберлігін танытып, 7:6 (7:1), 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Тартысты бәсеке 2 сағат 12 минутқа созылды.
Д.Попко финалға шығу үшін ресейлік, рейтингте 194-сатыдағы Аслан Карацевпен күш сынасады.
Аталмыш дода 30 тамыз күні мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Голубевтің Италиядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.