Теннисші Елена Рыбакина Ухань турнирінің жартылай финалына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Қытайдағы Ухань WTA турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 50-орында тұрған Е.Рыбакина ширек финалда осы турнирдің тоғызыншы, әлемнің 14-ракеткасы, Беларусь елінің өкілі Арина Соболенкомен кездесті.

Өткен жылы осы турнирдің жеңімпазы атанған А.Соболенко бірінші партияда 4:1 есебімен алға кетті. Есеп 2:4 болған мезетте Е.Рыбакина брейк-пойнттарын пайдалана алмады. Ақыры Арина басымдылығын сақтап қалды – 6:3.

Есесіне екінші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты – 2:0. Тағы бір брейк – 4:0. Содан кейін бір гейм бергенімен, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:1.

Үшінші, шешуші партияда А.Соболенко 5:0 есебімен алға кетті. Бұл жолы ол 6:1 есебімен матчтың нүктесін қойды.

Бәсеке 1 сағат 43 минутқа созылды.

А.Соболенко жүлде қоры 2,828 млн АҚШ долларына бағаланған турнирдің финалына шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, аустралиялық Эшли Бартимен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Чэнду турнирін жеңіспен бастап, бүгін ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар