Теннисші Елена Рыбакина US Open турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина US Open турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы «Үлкен дулыға» жарысының 19-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін рейтингте 90-сатыдағы Беларусь өкілі Александра Сасновичпен өткізді.

Бірінші партияда қос брейк жасаған Е.Рыбакина қарсыласына дес берген жоқ – 6:2.

Екінші сетте есеп 4:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай білді. Сосын матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Рыбакина 1 сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында 10 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Брейк жасай алмаған қарсыласы 1 эйспен шектелді.

Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 62-ракеткасы, франциялық Каролин Гарсия немесе рейтингте 151-орында тұрған ұлыбританиялық Хэрриет Дарттың біреуімен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нью-Йоркта US Open турнирі басталатынын, Юлия Путинцеваның жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар