Теннисшілеріміздің қарсыластары анықталды
АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Теннистен Үлкен дулыға сындарының бірі Австралия ашық чемпионатының жеребесі тартылды.
Бұл додаға Қазақстаннан бес теннисші қатысады, хабарлайды «Аламан» агенттігі.
Ерлер арасындағы жалғыз үмітіміз Михаил Кукушкин австриялық Юрген Мелзермен кездеседі. Мелзер 2011 жылы Уимблдон додасында чех Ивента Бенешовамен бірге микст бойынша жеңіске жеткен. Әлемнің 28 ракеткасы.
Әйелдер арасындағы сында Ярослава Шведова (жарыстың 28 теннисшісі) алғашқы айналымда 18 жастағы неміс Анника Бекпен кездеседі. Бек 2012 жылғы Роллан Гарростың жасөспірімдер арасындағы жекелей сынының жеңімпазы.
Юлия Путинцеваның америкалық 20 жасар Кристина Макхейлмен жолы түйіседі. Макхейл әлемнің 33 ракеткасы. Галина Воскобоева алғашқы айналымда Винус Уильямспен кездессе, Сесиль Каратанчева қытайлық Ли Наға қарсы тұрмақ. Ксения Первак неміс Мон Бартелмен кортқа шығады.