Теннисшілер Кенжебаева мен Жиенбаева Астанадағы жарыстың 1/8 финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Сандуғаш Кенжебаева мен Соня Жиенбаева Астанада өтіп жатқан ITF W35 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.

теннис
Фото: ҚТФ

Дүниежүзілік рейтингіде 1013-орында тұрған С. Кенжебаева бастапқы кездесуін әлемнің 419-ракеткасы, ресейлік Екатерина Маклаковамен өткізді.

Бірінші партияны Сандуғаш 6:4 есебімен өз пайдасына шешті. Екіншісінде тай-брейкте Маклакова сәтті ойнады — 7:6 (7:0).

Үшінші, шешуші сетте Кенжебаева жеңісті жұлып алды — 6:4. Тартысты бәсеке 2 сағат 53 минутқа созылды. 

Әлемнің 866-ракеткасы Соня Жиенбаева отандасы Анастасия Крымковадан айласын асырды — 6:3, 6:3. 

Басқа қазақстандық теннисшілер алғашқы айналымнан аса алмады. С. Кенжебаева ширек финалға шығу үшін рейтингіде 1268-сатыдағы әзербайжандық Мишель Джачангировамен сынға түседі.

С.Жиенбаеваның келесі қарсыласы — әлемнің 349-ракеткасы, оңтүстіккореялық Да Ён Бэк.

Тағы бір қазақстандық Зарина Дияс Варшава челленджер додасының екінші айналымында Польша өкілі Майя Хвалинскадан 4.6, 0:6 есебімен ұтылып, ширек финалдан тыс қалды.

Қазақстанның ерлер арасында жұптық сындағы бірінші ракеткасы Александр Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге Китцбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінің ширек финалында германиялықтар Хендрик Йебенс — Константин Франценнен жеңіліс тапты — 4:6, 3:6.

Есесіне Дмитрий Попко түркиялық Ерги Киркинмен бірге Тампере (Финляндия) челленджер турнирінің алғашқы айналымында қарсыластары келмей қалды да, ойнамастан ширек финалға жолдама алды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астанада 16 жасар Әмір Омархановтың ересек қарсыласын ұтқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина Румынияда камбэк жасап, жартылай финалға шықты. 

Париж Олимпиадасында Елена Рыбакина мен Александр Бублик миксте ойнайды.

Соңғы жаңалықтар