Теннистен ӘЧ: Қазақстан Испания құрамасымен кортқа шығады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шотландияның Глазго қаласында теннистен командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде С тобында Қазақстан Испания құрамасымен кортқа шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандықтар Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне алғаш рет қатысып жатса, Испания – бес мәрте әлем чемпионы.

Испаниямен матч Астана уақытымен сағат 22.00-де басталып, Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Бұл кездесуде Қазақстан құрамасы ұтса, жартылай финалға жолдама алады.

Испания құрамасының көшбасшысы, әлемнің 13-ракеткасы Паула Бадоса Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинамен өтетін бәсеке туралы ойын білдірді.

«Бұл өте қиын болмақ. Рыбакина жылды тамаша өткізді. Мен онымен бірнеше рет ойнадым, оның мықты қарсылас екендігін білемін. Кездесудің тартысты өтетіні анық. Әр ұпай үшін күресіп, Испания жеңісіне үлес қосуға барымды саламын», деді П.Бадоса.

Жарыстың бірінші күні қазақстандықтар корт иелері – Ұлыбритания құрамасын 2:1 есебімен ұтты.

Жекелей сында Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина қарсыластарын қапы қалдырып, Қазақстанға жеңіс сыйлады.

Соңында Анна Данилина мен Елена Рыбакина жұптық сында Алисия Барнетт – Оливия Никколспен кортқа шықты. 1 сағат 23 минутқа созылған ойын британдықтардың жеңісімен аяқталды – 7:5, 6:3.

Матчтан кейін Қазақстан құрамасының капитаны Ярослава Шведова командасымен мақтанатынын білдірді.

«Біз британдықтарды өз алаңында жеңдік. Сөйтіп өз тобымызда көш бастадық. Енді алдағы ойынның аса маңызды екендігін бәрі де түсінеді. Командамыз бұл матчқа да толық дайын, жартылай финалға жолдама алу үшін мүмкін болған нәрсенің бәрін жасайды», - деді Я.Шведова.

Юлия Путинцева мен Елена Рыбакина Ұлыбританиямен матчтың оңайға түспегенін жеткізді.

«Хэрриет Дарт, әсіресе, екінші сетте өте жақсы ойыншы екендігін көрсетті. Мен бірнеше геймді беріп қойдым, дегенмен жеңіс бізге бұйырды. Енді Испаниямен өтетін матч өте маңызды. Паула Бадосамен ойнауға тура келетін шығар. Ол да, мен де бір-бірімізді жақсы білеміз. Ең бастысы, бастапқы матчтан кейін тезірек қалпымызға келу керек. Жеңеміз деп үміттенеміз», - деді Е.Рыбакина.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлыбританиямен матчта Юлия Путинцеваның Қазақстанды алға шығарғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Қазақстан Ұлыбритания құрамасын жеңіп кетті.


Фото: ktf.kz




Соңғы жаңалықтар