Теннистен Билли Джин Кинг кубогі: Жапония құрамасы алғаш рет финалдық кезеңге жолдама алды

Теннис
Фото: Pyxabay.com

ТОКИО. KAZINFORM — Токио қаласында Билли Джин Кинг кубогінің Жапония – Қазақстан іріктеу матчында корт иелері жеңіске жетті.

Сенбі күні кортқа алғашқы болып Қазақстанның екінші, әлемнің 50-ракеткасы Юлия Путинцева мен дүниежүзілік рейтингіде 79-орында тұрған Нао Хибино шықты.

Бірінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Хибино брейк жасап, бұл оған жеткілікті болды – 6:4.
Екінші партияда Путинцева қарымта қайырды – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші екі рет брейк жасағанымен, жапониялық спортшы ізінше таразы басын теңестіріп отырды. Тай-брейкте Путинцева төрт матчболын пайдалана алмай, жеңіліс тапты – 6:7 (7:9).

Бір сағат 42 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Путинцева 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Хибино 2 эйс, 5 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті. 
Осылайша, Жапония құрамасы 3:0 есебімен алға шығып, алғаш рет Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіне жолдама алды.

Жапония – Қазақстан матчында қалған ойын нәтижесі ештеңені шешпейді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Кукушкиннің Мадридте төрт сағаттық матчта жеңіске жеткенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар