Теннистен Дэвис кубогы: Бублик Қазақстан - Швеция матчында есепті теңестірді

МАДРИД. ҚазАқпарат - Мадридте өтіп жатқан Дэвис кубогы финалдық кезеңінің топтық бәсекесінде Қазақстан - Швеция матчында Александр Бублик есепті теңестірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннистен Дэвис кубогы: Бублик Қазақстан - Швеция матчында есепті теңестірді

Қазақстанның бірінші теннисшісі швециялық Микаэль Имермен күш сынасты.

Бірінші ойында Михаил Кукушкин жеңіліп қалғаннан кейін А.Бубликке қалайда таразы басын теңестіру керек еді.

Бірінші партияда М.Имер 3:0 есебімен алға шықты. Сосын осы басымдылығын сақтай алды - 6:3.

Есесіне екінші сетте есеп 4:4 болғанда, Бублик брейк жасап, өз геймін де алды - 6:4.

Үшінші, шешуші партияда А.Бублик қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ - 6:0.

Сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта Бублик 9 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.

Осылайша Қазақстан - Швеция матчында есеп теңесті - 1:1.

Енді матч тағдыры жұптық кездесуде шешіледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан мен Швеция кездесетінін, Михаил Кукушкиннің қарсыласына есе жібергенін жазған болатынбыз.