Теннистен Дэвис кубогы: Қазақстан Сербия құрамасын ұта алмады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Белградта мәреге жеткен Дэвис кубогының 1/8 сайысында Сербия мен Қазақстан арасындағы соңғы, шешуші кездесуде Виктор Троицки мен Александр Недовесов кортқа шықты.
«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, екі сағатқа жуық уақытқа созылған бұл матчта әлемнің 23-інші ракеткасы В.Троицки А.Недовесовті 6:2, 6:3, 6:4 есебімен үш партияда ұта білді. Сөйтіп ол Сербия құрамасына жеңіс әперді.
Жалпы, Қазақстан құрамасы сербиялықтардан жеңіліп қалғанымен, тайталаса білді. Әрине, М.Кукушкиндей тағы бір шебер ойыншы болғанда, қазақстандықтардың келесі айналымға шығуы да мүмкін еді. Бұл матчтық кездесуде әлемнің бірінші ракеткасы Н.Джоковичтің екі мәрте жеңіске жетіп, шешуші рөл атқарғанын айта кету керек.