Теннистен Дубай турнирі: Юлия Путинцева іріктеу сайысының финалына шықты
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева Дубай WTA 500 турнирінде іріктеу сайыстарының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының жартылай финалында дүниежүзілік рейтингте 99-сатыда тұрған Польша өкілі Магдалена Фрешпен шеберлік байқасты.
Ю.Путинцева қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен ұтты.
Юлия 1 сағат 26 минутқа созылған матч барысында 3 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. М.Фреш 4 эйс, 1 брейкке (14 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Ю.Путинцева іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 38-ракеткасы, чехиялық Маркета Вондроушовамен күш сынасады. Оны жеңсе, негізгі додаға жолдама алады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 165-ракеткасы Михаил Кукушкин Марсель (Франция) ATP турнирінің іріктеу сайысын жеңіспен бастады.
Ол бастапқы кездесуінде дүниежүзілік рейтингте 747-орында тұрған франциялық Тимо Легутты 6:4, 6:1 есебімен ұтты.
М.Кукушкиннің іріктеу сайыстарының финалындағы қарсыласы кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық турнирде жеңімпаз атанғанын, Юлия Путинцеваның Дубай турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.