Теннистен елорда турнирі: Жібек Құламбаева жұптық сында жартылай финалға шыға алмады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Ұлттық теннис орталығында өтіп жатқан Forte 60 Womens ITF турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық теннисші Польша өкілі Мартина Кубкамен бірге ширек финалда өзбекстандықтар Нигина Абдураимова
– Ақгүл Аманмұрадовамен шеберлік байқасты.
Тартысты бәсекеде өзбекстандық жұп 7:6 (9:7), 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.
Осылайша өз елімізде өтіп жатқан жарыста Қазақстаннан ешкім қалмады.
Ертең жекелей сында ширек финалда Ева Лис (Германия) – Анастасия Захарова (Ресей), Грета Миннен (Белгия) – Валерия Савиных (Ресей), Куруми Нара (Жапония) – Анжелика Исаева (Ресей), Ясалин Бонавентура (Бельгия) – Алена Большова (Испания) кортқа шығады.
Жұптық сында Н.Абдураимова – А.Аманмұрадова чехиялық Анна Сискова – ресейлік Мария Тимофеева, Я.Бонавентура – украиналық Валерия Страхова ресейлік Екатерина Макарова – чехиялық Линда Носкова жұбымен финалға берілетін жолдаманы сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын елорда турнирінде Жібек Құламбаеваның ширек финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Андрей Голубев жұптық сында Дубай турнирінің ширек финалына шықты. Алайда бүгін А.Голубев франциялық Фабрис Мартенмен бірге осы жарыстың 4-ракеткалары, германиялық Тим Пюц – жаңазеландиялық Майкл Винустан 6:4, 3:6, 4:10 есебімен жеңіліп қалды.