Теннистен Қазақстан – Корея матчын Зарина Дияс бастайды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Билли Джин Кинг кубогы аясында Қазақстан мен Корея Республикасы арасында өтетін плей-офф матчының жеребесі тартылды.

Бәсекенің алғашқы күні, 16 қарашада сағат 13.00-де кортқа бірінші болып Зарина Дияс пен Да Ен Бак шығады.
Осы ойын аяқталғаннан кейін Елена Рыбакина мен Сон Хен Пак шеберлік таластырады.
Жексенбі күні Елена Рыбакина мен Да Ен Бак бастаса, содан соң Зарина Дияс – Сон Хен Пакқа кезек келеді.

Қажет болған жағдайда жұптық сында Анна Данилина – Жібек Құламбаева және Ку Ен Ву – Дабин Ким өнер көрсетеді.
Матчтарды Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының әлемнің төрт дүркін чемпионын ұтқанын жазған едік.
Өкінішке қарай, кеше Анталияда жасөспірімдер арасында Дэвис кубогында Қазақстан құрамасы Жапонияға есе жіберіп, жартылай финалдан тыс қалды.