Теннистен Қазақстан-Ресей арасындағы кездесу кейінге шегерілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Ресей арасындағы теннистен Дэвис кубогінің плей-офф ойындары кейінге шегерілді. Бұл ауа райының қолайсыздығына байланысты, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Ұйымдастырушылар Мәскеудегі корттың үстіне арнайы жапқыш төсеп, жаңбыр суын уақытылы тазалап отырған. Бірақ еңбектері зая кетті. Синоптиктердің жауын-шашын болады деп болжағаны дәл келді. Сайыстың бас төрешісі Андрей Корнилов корт ойын талаптарына сай болмайынша, сайыс кейінге шегеріле беретінін айтуда.
Көрерменнің де үміті ақталмады. Ал қазақстандық жанкүйерлер соңына дейін күткен. Аспан ашылып, ауа райы қолайлы болса, ертең 3 бірдей кездесу өтеді деп жоспарлануда.
«Кесте бойынша көптеген ойындар жоспарланып қойған. Бұл жағдай күнтізбеге күтпеген өзгерістер енгізуде. Оңай болмайды. Бірақ бұл жерде жеке жетістіктерден көрі, ұлттық құраманың мүддесі маңыздырақ», деді теннистен ұлттық құраманың мүшесі Михаил Кукушкин.