Теннистен ҚР чемпионаты: 16 жастағы теннисші финалға жолдама алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы «Дәулет» спорт комбинатында теннистен өтіп жатқан қысқы ел чемпионатында жекелей сында финалистер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннистен ҚР чемпионаты: 16 жастағы теннисші финалға жолдама алды

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, әсіресе, «Team Kazakhstan» академиясының түлегі, 16 жастағы Аружан Сағындықова бапкерлері мен жанкүйерлерін қуантты.

Ол жартылай финалда Ульяна Романованы 6:4, 6:3 есебімен тізе бүктіріп, өз спорттық жолында алғаш рет Қазақстан біріншілігінің финалына шықты.

Аружан алтын жүлде үшін 2016 жылғы ел чемпионы Гөзал Айнитдиновамен таласады. Ол Жанел Рүстемованы 6:0, 7:5 есебімен ұтты.

Ерлер арасында финалда Достанбек Ташболатов пен Григорий Ломакин кездеседі. Достанбек жартылай финалда 15 жасар Ерасыл Ерділданы 6:0, 6:2 есебімен оңай жеңді. Ал Г.Ломакин тағы бір жас теннисші Ислам Орынбасарды 6:2, 6:2 есебімен жолдан тайдырды.

Жұптық сында А.Сағындықова мен София Чурсина жеңімпаз атанды. Олар Карина Ризванова мен Мария Синицынаны 6:7, 7:6 (9:7), 10:7 есебімен ұтты.

Ерлер арасында Д.Ташболатов пен Г.Ломакин Алексей Кедрюк пен Родион Пакты 6:3, 6:3 есебімен жеңіп, жұптық сында үздік шықты.