Теннистен Майами турнирі: Елена Рыбакина төртінші айналымға шыға алмады
Осы жарыстың 21-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 58-орында тұрған испаниялық Сара Соррибес-Тормомен кездесті.
Соррибес-Тормо екінші айналымда әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Дженифер Брэйдиді 3:6, 6:4, 6:1 есебімен ұтқан болатын.
Бірінші партияда ойын тізгінін қолына алған испаниялық теннисші айқын басымдылық көрсетті – 6:1.
Екінші сетте де Соррибес-Тормо брейкпен алға кетті – 2:0. Дегенмен Рыбакина таразы басын теңестірді – 2:2. Сосын тағы бір брейк жасап, өз геймін де алып, есепті 5:3-ке жеткізді. Қарқынды үдеткен ол сетті брейкпен түйіндеді – 6:3.
Үшінші, шешуші партияны қарсыластар брейк алмасумен бастады – 1:1. Содан кейін испаниялық теннисші алға шықты – 3:1. Тағы бір брейк – 4:1. Рыбакина брейк жасағанымен, өз геймін беріп қойды – 2:5. Испаниялық спортшы матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:2.
Тартысты бәсеке 2 сағат 28 минутқа созылды.
С.Соррибес-Тормо ширек финалға шығу үшін әлемнің 4-ракеткасы, америкалық София Кенин немесе рейтингте 30-сатыдағы Тунис өкілі Онс Жабердің біреуімен таласады.
Осылайша ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан Майами мастерс додасында Қазақстаннан Александр Бублик қана қалды. Ол үшінші айналымда аустралиялық Джеймс Даквортпен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Майами турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ал Михаил Кукушкин жеңіліп қалды.