Теннистен Монпелье турнирі: Бублик 26 эйс жасап, жартылай финалға шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 35-ракеткасы Александр Бублик Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 19-ыншы, осы жарыстың 2-ракеткасы, испаниялық Роберто Баутиста-Агутпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда А.Бублик басымдылық танытты – 6:4.
Екіншісінде испаниялық спортшы есе қайырды – 6:2.
Үшінші, шешуші сетте матч тағдыры тай-брейкте шешілді. Онда А.Бублик кездесуді эйспен тәмамдады – 7:6 (7:4).
Қазақстандық теннисші 2 сағат 4 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында 26 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
А.Бублик финалға шығу үшін рейтингте өзінен бір саты төмен тұрған сербиялық Филип Краиновичпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Монпелье турнирінің ширек финалына шыққанын, Дэвис кубогы матчына қатысатын Қазақстан құрамасы жарияланғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Мысырдағы турнирдің жартылай финалына шықты.