Теннистен Нұр-Сұлтан турнирі: Попко мен Недовесов жұптық сындағы кездесулерін сәтті өткізді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Дмитрий Попко мен Александр Недовесов елордада өтіп жатқан Forte Challenger 100 турнирінде жұптық кездесулерін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннистен Нұр-Сұлтан турнирі: Попко мен Недовесов жұптық сындағы кездесулерін сәтті өткізді

Алдымен грузиялық Александр Метревелимен жұп құрған Д.Попко кортқа шығып, ресейлік Ян Бондаревский – чехиялық Доминик Паланмен кездесті.

Қазақстандық-грузиялық жұп 1 сағаттан сәл астам уақытқа созылған бәсекеде 6:3, 6:4 есебімен ұтты. Енді олар жартылай финалға шығу үшін америкалықтар Натан Паша – Макс Шнурмен таласады.

Жұптық сында осы жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген А.Недовесов пен украиналық Денис Молчанов қазақстандықтар Сағадат Аяп – Данил Озерноймен шеберлік байқасты.

Челленджер додаларында жеңіске жетіп жүрген А.Недовесов пен Д.Молчанов қарсыластарынан 6:3, 6:1 есебімен басым түсті. Енді олар ширек финалда ресейлік Павел Котов – тайбэйлік Тунг-Лин Вумен күш сынасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің жұптық сында Нұр-Сұлтан турнирінің ширек финалына шыққанын, ал Ю.Путинцеваның Аделаида додасында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.