Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Теннистен «Ролан Гаррос» турнирі: Кукушкин алғашқы айналымнан аса алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат  - «Ролан Гаррос» турнирінде қазақстандық Михаил Кукушкин осы турнирдің 31-інші ракеткасы, испаниялық Альберт Рамос-Виньоласпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннистен «Ролан Гаррос» турнирі: Кукушкин алғашқы айналымнан аса алмады

Жаңартылған рейтингте 83-інші орынға көтерілген М.Кукушкин мен әлемнің 36-ыншы ракеткасы А.Рамос-Виньолас арасындағы матч бастапқыда тартысты өрбіді.

Бірінші партия тай-брейкке дейін жеткенімен, онда қазақстандық теннисші бірде-бір ұпай ала алмады. Сөйтіп бастапқы сет 7:6 (7:0) есебімен испандықтың пайдасына шешілді.

Екінші партияда Рамос-Виньолас брейк жасап, алға шықты. Ақыры сол басымдылығын сақтап қалды - 6:4.

Үшінші сетте есеп 1:1 болғаннан кейін испаниялық теннисші үш мәрте брейкке қол жеткізіп, өзінің геймдерін де құр жібермеді - 6:1.

Кездесу 2 сағат 9 минутқа созылды.

Осылайша өткен жылы «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымына дейін жеткен М.Кукушкин бұл жолы алғашқы кездесуінде-ақ жеңіліп қалды. Яғни бұл - өткен жылғы ұпайларын қорғай алмады деген сөз.

Еске сала кетейік, кеше Ю.Путинцева мен З.Диястың «Ролан Гаррос» турнирін сәтті бастағанын, бүгін Заринаның екінші айналымдағы қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.