Тентек өзеніндегі су нысаны 50 жылдан кейін алғаш рет жаңартылады
АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысында соңғы 50 жылда алғаш рет Тентек өзеніндегі су тарту торабын реконструкциялау үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

— Биыл мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған соң, құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Су торабын реконструкциялау нысанның тиімділігін арттырып, су шығынын азайтуға әрі 31 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын тұрақты түрде сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарламасында.
Сонымен қатар Шу-Талас бассейндік инспекциясы Жамбыл облысының тірек гидротехникалық құрылыстарын тексеріп жатыр.

Бүгінгі таңда 142 гидротехникалық құрылыстың 73-і тексерілді. Ал Солтүстік Қазақстандағы «Қазсушар» филиалы Петропавл су торабының төменгі бьефіндегі сол жағалау қоршауын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Айта кетелік Су ресурстары министрлігі 1,3 млн адамды ауыз сумен қамту үшін 2500 шақырым су құбырын салып жатыр.