Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кеніштері Ресейдің бұғаттағы резервіне сатыла ма – министрлік жауабы

мұнай
Коллаж: tengizchevroil.com/psa.kz/kbv.kz/freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Энергетика министрлігі Kazinform сауалына берген жауабында «Парасат» кәсіпкерлер альянсының Президент жанындағы мұнай-газ кеңесіне жолдаған ұсынысы туралы ұстанымын мәлім етті.

«Парасат» кәсіпкерлер альянсының үйлестіру кеңесі Президент жанындағы мұнай-газ кеңесіне Ресей үкіметі, ресейлік мұнай компаниялары, Қазақстанның өкілетті мұнай компаниясы және Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған кеніштерін игеріп жатқан шетел кәсіпорындарының арасында Ресей Федерациясының алтын-валюта резерві есебінен үлестерді сатып алу туралы үшжақты мәмле нұсқасын қарастыруды ұсынды.

Мұнай кен орындарының мәмлесі туралы айтсақ, бүгінгі таңда ірі үш кен орнын «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» операторлары өнімді бөлісу туралы келісім аясында, ал «Теңізшевройл» компаниясы жоба жөніндегі келісім негізінде игеріп жатқанын атап өтеміз.

Жоғарыда айтылған келісімдерде мердігердің мұнай-газ операцияларын жүргізуге айрықша құқығына кепілдік беретін белгілі бір мерзім көзделген», - деп жазылған жауапта.

Жауапта Қазақстан Үкіметінің шетелдік инвесторларға мұндай келісімдерде көрсетілген ережелердің тұрақтылығына кепілдік беріп, орындалуына міндеттеме алғанын еске салады.

«Жер қойнауын игеру туралы келісімдердегі шарттардың тұрақтылығын сақтау туралы республикалық кепілдікті сақтау Қазақстандағы инвестициялық климатқа оң әсер етіп, елдің шикізат саласына айтарлықтай шетел инвестициясын тартуға мүмкіндік берді.

Шетелдік компаниялардың келісімдегі үлестерін сатып алу мәселесіне келсек, Қазақстан Республикасының заңнамасы және келісім шарттары бойынша, оған қатысушылардың әрқайсысында өз үлесін қалай басқарып, пайдаланатыны туралы айрықша құқық бар екенін айтқымыз келеді. Сондай-ақ, осы үлеспен байланысты құқықтар мен міндеттері де бар.

Үкімет келісімге қатысушы тарап ретінде бұл тәртіпті құрметтейді және өзге тараптардың ішкі коммерциялық шешімдерімен, оның ішінде үлес алмасумен байланысты келісімшарт қатынасына килікпейді.

Дей тұрғанмен, келісім аясындағы үлестердің алмасуымен байланысты әрекеттердің бәрі Қазақстанның қолданыстағы заңнамасын, келісімнің өз талаптарын толық сақтай отырып орындалуы керек. Сондай-ақ, бұл қажетті рұқсаттар мен мақұлдаулардың белгіленген процедураларға сәйкес алынатынын меңзейді», - деп жазылған министрлік мәліметінде.

Соңғы жаңалықтар